ОРДАБАСЫ: ТЕМІРЛАНДА ДАҢҚТЫ БАЛУАН ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫНЫҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

ОРДАБАСЫ: ТЕМІРЛАНДА ДАҢҚТЫ БАЛУАН ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫНЫҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
ОРДАБАСЫ: ТЕМІРЛАНДА ДАҢҚТЫ БАЛУАН ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫНЫҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Бүгін аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени- спорт кешенінде қазақ халқының даңқты перзенті, алып күш иесі, әлемге аты әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
«Қажымұқан – даланың дара батыры» атты салтанатты іс-шара аясында ел рухын көтерген тағылымды басқосу ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері, елге танымал БАҚ өкілдері мен еліміздің әр өңірінен келген Қажымұқан бабамыздың ұрпақтары және қонақтар қатысты.
Мерекелік жиын барысында жиналған қауымға арнап жүрекжарды құттықтау сөздер айтылып, Қажымұқан бабаның өмір жолы мен ерлігі кеңінен насихатталды.
Іс-шарада ашылуында әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, даңқты балуанның қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін мақтаныш екенін ерекше атап өтті.
"Қажымұқан Мұңайтпасұлы – сан мәрте әлем чемпионы атанып, талай дүбірлі додада ұлт намысын асқақтатқан біртуар тарихи тұлға.Оның қайсар мінезі, өр рухы бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болып қала бермек.
Ордабасы өңірі үшін Қажымұқан есімі ерекше қастерлі. Себебі бұл қасиетті мекенде бабамыздың жамбасы тиген, кесенесі орналасқан. Өткен жылы ауданымызда Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне заманауи мәдени-спорт кешені ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Бұл нысан бүгінде тек спорт ордасы ғана емес, жас ұрпақтың рухын көтеретін, салауатты өмір салты мен ел бірлігін насихаттайтын маңызды орталыққа айналды",- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Түркістан облысының маслихат депутаты қоғам қайраткері Дулат Әбіш сөз алып, баба рухына тағзым етіп келген барша қонақтарды мерейлі күнмен құттықтады.
Салтанатты шара барысында мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Сонымен бірге, Қажымұқан рухына арналған ерекше күш көрсетілімдері – тас сындыру, темір майыстыру секілді рекордтық шоулар көрерменге ұсынылды.
Қажымұқан бабамыздың өнегелі өмірі мен өшпес ерлігі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Ордабасы төрінде өткен бұл тағылымды іс-шара – сол мұраны дәріптеудің жарқын көрінісі болды.