Төреарық ауылындағы Тәуке хан атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымымен аудандық коалиция мүшелері – Бақдәулет Жұмабеков, Жолдасбек Қашқын, Ғалымжан Зиябек және Бақытжан Бекбосын кездесу өткізді.
Жиын барысында коалиция мүшелері алдағы референдумның ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Олар бұл саяси науқанның мемлекет болашағына тікелей әсер ететінін айтып, әр азаматтың таңдауы жауапкершілік пен саналылықты талап ететінін жеткізді. Референдумға қатысу – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісі екені де кеңінен түсіндірілді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ашық әңгіме өрбіді. Мұндай жүздесулер қоғам мен коалиция өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Алдағы кезеңде аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары жалғасады. Әртүрлі мекемелерде, еңбек ұжымдарында және тұрғындар арасында кездесулер ұйымдастырылып, ақпараттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек. Бұл – халықтың саяси белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
@актуальное