АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБА: ТЕМІРЛАНДА ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНУДА
Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Аталған маңызды әлеуметтік нысанның іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құрылыс алаңында уақыт капсуласын салу рәсімін өткізді. Сонымен қатар, аймақ басшысы жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып, аудан тұрғындарын маңызды бастамамен құттықтады.
Іс-шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Осы тапсырма аясында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, өткен жылы шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға беріліп, тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігі арттырылды.
Бүгін Темірлан ауылында бой көтеретін 200 орындық облыстық перинаталдық орталық Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Нәтижесінде аталған аумақ тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті жергілікті жерде алу мүмкіндігіне ие болады. Жаңа медициналық мекеме жүкті әйелдер мен нәрестелерге заманауи талаптарға сай, жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.
Перинаталдық орталықтың құрылысы ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ өңірдегі демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға оң ықпал ететін маңызды жоба болып табылады. Облыс басшысы нысанның белгіленген мерзімде және сапалы пайдалануға берілетініне сенім білдірді.
Жобаның мердігері – «ВД Строй-Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Медициналық мекеме 200 орынға лайықталған. Ғимараттың жалпы алаңы 34 233,30 шаршы метрді, құрылыс ауданы 12 009,73 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы аумағы 8 гектарды қамтиды.
Жаңа перинаталдық орталық облыстық деңгейде жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталып, өңір тұрғындары үшін қолжетімді әрі тиімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.