СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Алишер Сатвалдиев және Қадірбек Мұрат Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.
Сенаторларға іссапар барысында аудан әкімі Азат Оралбаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков, сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылып, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамасымен инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік пен өндіріс көлемін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Жұмыс сапарының алғашқы кезеңінде сенаторлар Бадам ауыл округінде орналасқан «KAZ KIOTI» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың өндірістік үдерісімен танысты. Кәсіпорынның бүгінгі даму деңгейі мен болашақ жоспарлары зерделеніп, еңбек ұжымымен еркін форматта кездесу өтті. Сенат депутаттары жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өндірістегі кейбір жетілдіруді қажет ететін мәселелер мен жұмысшылар жағдайына баса назар аударып, оларды оңтайландыруға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Мұнан кейін делегация Бадам индустриалды аймағындағы «Central Asia Aluminum Company» ЖШС алюминий профильдерін өндіру зауытына барып, жобаның өндірістік қуаты және экспорттық әлеуеті туралы толық ақпарат алды. Сенаторлар аталған жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, индустриялық дамуға серпін беретін бастама екенін айтты.
Сапар аясында Бадам ауылында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен және әкімдік, өкілдерімен жиын өткізіп, өндірісті дамыту, халықты тұрақты жұмыспен қамту және өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелер туралы пікірлесті. Сондай-ақ Сенат депутаттары өздерінің қазіргі таңда атқарып жатқан заңнамалық жұмыстарындағы жаңа бағыттыр жөнінде баяндап, жергілікті депутаттардың көкейіндегі өзекті ұсыныс-пікірлерін де тыңдады.
Сапар қорытындысында Сенат депутаттары Ордабасы ауданында өндірісті дамыту мен инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, ауданның индустриялық әлеуеті жылдам артып келе жатқанын атап өтті. Көтерілген мәселелерді Сенат деңгейінде қолдайтындарын және ұсыныстар заңнамалық тұрғыда жан-жақты қарастырылатынын жеткізді.
Атап өтсек, сенаторлар арнайы танысқан «KAZ KIOTI» ЖШС зауыты 2015 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда 150 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы инвестициялық құны 6,9 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 2 мың дана ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға қауқарлы. Өндірісте локализация деңгейі де кезең-кезеңімен артып, өзге де шойын бұйымдары өндіріліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Ал «Central Asia Aluminum Company» ЖШС зауыты 200 адамды жұмыспен қамтып, жылына 20 мың тонна алюминий профильдерін өндіреді. Өнімнің 60 пайызы шетелге экспортталып, ауданның экспорттық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік берді.