БАТЫР АНАНЫ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаевтың қызы, батыр ана Нағима Қарсыбайқызын арнайы барып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Кездесу барысында аудан басшылары ел тарихында өшпес із қалдырған даңқты батырдың ұрпағы, көпбалалы ана ретінде қоғамда айрықша орны бар Нағима Қарсыбайқызына көрсетіліп отырған құрмет – елдің өткенге деген тағзымы мен болашаққа деген сенімінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Батыр ананың өмір жолы мен өнегелі еңбегі өскелең ұрпақ үшін үлгі екені айтылды.
Аудан әкімі мен мәслихат төрағасы Нағима Қарсыбайқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шаңырағына береке-бірлік тілеп, Жаңа жылда тек жақсылықтар мен қуанышты сәттер көп болсын деген ізгі ниеттерін білдірді.
Сонымен қатар, ел бірлігі нығайып, тәуелсіз еліміздің тұғыры биік бола беруіне ақ тілектерін арнады.