ҰСТАЗ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ШАМЫ

ҰСТАЗ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ШАМЫ
ҰСТАЗ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ШАМЫ 🌟
Бүгін Темірлан ауылындағы аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. «Ұстаз – ұлт рухының шамы» атты салтанатты жиынға аудан басшылығы, білім саласының ардагерлері мен мұғалімдері қатысты.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков ұстаздарды құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша еңбегін атап өтті:
«Ұстаз – халықтың рухани тірегі, келешектің темірқазығы. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы еңбектеріңіз – ел болашағына жасалған ең үлкен инвестиция. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін!» – деді ол.
Сонымен қатар, аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп, үздік ұстаздарға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыс етіп, еңбектеріне құрмет көрсетті.
Мерекелік бағдарлама С.Мұқанов атындағы мектептің ұстаздар хорымен ашылып, «Ұстаздардың ұстазы – Ыбырай ата» әнімен бастау алды. Салтанатты жиында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақыт Сейтжаппарұлы да сөз сөйлеп, мұғалімдерге зор ілтипат білдірді.
Кештің концерттік бөлімі ән мен әуенге толы болды. Әнші Мәди Сатман мен аудан өнерпаздары, мектеп ұстаздары «Мың алғыс саған, ұстазым!», «Шәмші әндерінен поппури», «Ұстазым», «Армандастар» сынды әсерлі шығармалар орындап, көрермендерге рухани қуаныш сыйлады.
Мереке барысында аудан ұстаздарын бейне үндеу арқылы құттықтаған танымал жерлестеріміздің сөздері ерекше әсер қалдырды. Олардың қатарында – ҚР Қорғаныс вице-министрі Қаныш Аубакиров, университет проректоры, тарих ғылымдарының профессоры Баршагүл Исабек, Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, сондай-ақ «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаевта бар.
📊 Бүгінде ауданымызда 78 жалпы білім беру мектебі мен 3 өнер мектебінде 38 мыңға жуық оқушы білім алуда. Оларға 5 626 мұғалім сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді.
Өткен оқу жылында ауданымыздың жетістіктері зор болды:
✅ ҰБТ нәтижесінде аудан түлектері облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінді.
✅ 132 оқушы «Алтын белгі», 199 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанып, республикалық жоғары оқу орындарына грантпен түсті.
✅ Бірнеше ұстазымыз облыстық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанды.
✅ Жас мамандар халықаралық білім жобаларына қатысып, тәжірибесін жетілдіруде.
✅ Дарынды шәкірттер республикалық олимпиадалар мен спорттық жарыстардан жүлделі орындар иеленіп жүр.
Бұл – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі мен ауданымыздың білім саласындағы толайым табысының айқын көрінісі.
✨ Ұстаз – ұрпақ болашағының шамшырағы, елдің рухани тірегі. Барша ардақты ұстаздарымызға мерейлі мереке құтты болсын!