ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ордабасы ауданында жұмыс сапарымен болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ордабасы ауданында жұмыс сапарымен болды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ордабасы ауданында жұмыс сапарымен болды
✔️2025 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов жұмыс сапарымен Түркістан облысы Ордабасы ауданына келді. Іссапардың басты мақсаты – өңірлерде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен танысу, жергілікті халықтың түйткілді мәселелерін зерделеу және оларды шешу жолдарын қарастыру болды.
✔️Мәжіліс депутаттарының жұмыс сапарына аудандық мәслихаттың төрағасы ретінде мен де қатысып, халық қалаулыларымен бірге бірқатар әлеуметтік нысандарды араладым. Атап айтқанда, депутаттар Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектептің және Ынтымақ елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылысымен танысты. Сонымен қатар Ықыластемір елді мекенінде орналасқан, толық автоматтандырылған «Altyn Land» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қыш зауытының жұмыс барысымен танысты.
✔️Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаттары «AMANAT» партиясының Ордабасы аудандық филиалында азаматтарды жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар негізінен инфрақұрылым мәселелері, әлеуметтік қолдау, ауылішілік жолдардың жағдайы, мектеп және балабақша құрылысы, ауыз су және электр желілеріне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
✔️Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов азаматтардың өтініштеріне мұқият көңіл бөліп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізетіндіктерін атап өтті. Олар тұрғындардың заң аясындағы барлық ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайтынын, әрі қарай Парламенттік деңгейде бақылауға алынатынын мәлімдеді.
✔️Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларға, әсіресе білім беру саласындағы құрылыс нысандарына ерекше назар аударды. Құрылыс жұмыстарын көзбен көріп, жобалардың мерзімді әрі сапалы орындалуына қатысты жауапты тұлғаларға нақты ұсыныстар мен ескертпелер берілді.
✔️Халық қалаулыларының айтуынша, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауылдық елді мекендерді дамытуға, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға баса назар аударылған. Осы мақсатта Парламент депутаттары өңірлердегі әрбір мәселені назардан тыс қалдырмай, оның оң шешім табуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
✔️Жалпы, Ордабасы ауданына жасалған бұл сапар – халық пен билік арасындағы тығыз байланыстың нақты көрінісі. Мәжіліс депутаттары тұрғындармен тікелей жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау арқылы мемлекеттік саясаттың ашықтығы мен қолжетімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.