СҚО-ДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖАЛҒАСУДА
Өңірде ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бағдарлама іске қосылғалы бері мемлекеттік қолдауға ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың 377 тұрғыны ие болды.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Биыл бағдарламаны іске асыруға 3,7 млрд теңге бөлінді. Бұл ауыл тұрғындарының жаңа бастамаларын қолдауға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және өңірдің ауылдық аумақтарының дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.
Микрокредитті кімдер ала алады
Микрокредиттер жұмыссыз азаматтарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, отбасылық кәсіпкерлікке қатысушыларға, табысы төмен жеке қосалқы шаруашылық иелеріне, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және өндірістік кооперативтерге беріледі.
Міндетті талаптар:
* жоба іске асырылатын жерде тіркелуі (жеке тұлғалар үшін – кемінде 12 ай);
* жоба мақұлданған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі (егер мұндай мәртебесі болмаса);
* ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын жеке кәсіпкерлер мен кооперативтер жүзеге асырады.
Микрокредит берудің негізгі шарттары
Ауыл шаруашылығына қатысы жоқ жобалар бойынша кредит беру мерзімі – 5 жылға дейін. Ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобалар үшін мерзім 7 жылға дейін болуы мүмкін.
Сыйақының атаулы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды.
Жеке жобалардың басым бөлігі үшін қаржыландырудың ең жоғары сомасы 2 500 АЕК-ке дейін белгіленген. 2026 жылғы АЕК мөлшеріне сәйкес бұл 10 812 500 теңгеге дейін.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және кооперативтерді дамыту жобалары бойынша ең жоғары сома 8 000 АЕК-ке дейін немесе 2026 жылғы көрсеткіш бойынша 34 600 000 теңгеге дейін болуы мүмкін.
Ең жоғары сома әрбір өтініш берушіге дәл осы көлемде кредит беріледі дегенді білдірмейді. Қаржыландыру көлемі сатып алынатын активтердің құнына, қаржылық есептерге, қарыз алушының төлем қабілеттілігіне, өзінің қаражатының қатысуына және кепілмен қамтамасыз етілуінің жеткіліктілігіне қарай айқындалады.
Қағидаларға сәйкес негізгі қарызды өтеу бойынша 12 айдан аспайтын жеңілдік кезеңі қарастырылған. Бұл ретте сыйақыны төлеуді кейінге қалдыру жеке норма ретінде көзделмеген. Сондықтан қаржылық модельді әзірлеу кезінде негізгі қарызды өтеу кейінге қалдырылған кезеңде де сыйақы төлеу қажеттілігі ескерілуі тиіс.
Бұрын алынған микрокредит бойынша міндеттемелерін толық орындаған қарыз алушыларға қайтадан кредит алуға рұқсат етіледі. Қайталама қаржыландырудың ең жоғары сомасы 8 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылуы мүмкін. Алайда қайта кредит беру екі реттен артық жүргізілмейді және бағдарламаға қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Қандай мақсаттарға кредит берілмейді
Микрокредит мына мақсаттарға берілмейді:
* жеңіл автокөлік сатып алуға;
* жақын туыстарынан ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға;
* көтерме және бөлшек сауда саласындағы жобаларға;
* кейіннен жалға беру мақсатында нысандарды сатып алуға немесе салуға (туризм саласындағы жекелеген нысандарды қоспағанда).
Өтінім беру тәртібі
Өтінімдер қабылдау ашық болған кезде Amanatnesie.kz платформасы арқылы беріледі. Сенім білдірілген агент құжаттарды 3 жұмыс күні ішінде тексереді, содан кейін жобаны бағалап, 15 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды. Өтінім мақұлданған жағдайда кредиттік құжаттар рәсімделіп, кепіл шарты тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде қаражат аударылады. Қаржыландыру болмаған жағдайда өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылуы мүмкін.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша Тимирязев ауданының кәсіпкерлік бөліміне хабарласуыңызды сұраймыз.