Шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай «Іскер аймақ» бағдарламасы бекітілді
2025 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай «Іскер аймақ» бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды.
Атап айтқанда, мынадай құжаттар бекітілді:
• сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидалары;
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық емес қолдау шараларын көрсету қағидалары;
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне инфрақұрылымдық қолдау көрсету қағидалары.
Аталған бағдарламаға сәйкес, субсидиялау жергілікті немесе республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Сонымен бірге республикалық бюджет қаражаты мынадай тәртіппен бөлінеді:
• бюджет қаражатының 70%-ы облыстарда, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан басқа барлық өңірлерде іске асырылатын жобаларды субсидиялауға бағытталады;
• бюджет қаражатының 30%-ы Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асырылатын жобаларды субсидиялауға бөлінеді. Бұл ретте олардың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері мен даму міндеттері ескеріледі.
Егер Ұлытау, Абай, Жетісу, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында бөлінген қаражат толық игерілмеген жағдайда, пайдаланылмаған қаражат қаржы агенттігі тарапынан уәкілетті органмен келісу арқылы осы облыстар арасында қайта бөлінуі мүмкін немесе жобаларды іске асыруға сұраныс пен дайындық деңгейіне қарай басқа өңірлерге бағытталуы мүмкін.
Республикалық бюджет есебінен субсидиялауға көзделген қаражат уәкілетті орган арқылы қаржы агенттігінің арнайы шотына аудару туралы жасалатын шарт негізінде аударылады.
Жергілікті бюджет есебінен қарастырылған қаражат өңірлік үйлестіруші арқылы қаржы агенттігінің арнайы шотына уәкілетті орган бекіткен қаражат аудару шарты негізінде жіберіледі.
Қаржы институты қаржы агенттігі үшін субсидияларды аударуға арналған ағымдағы шот ашады.
Субсидия беру тәртібі
Кәсіпкер қаржы институтына қаржылық құрал ұсыну туралы өтінім береді. Өз кезегінде қаржы институты жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігіне кешенді бағалау/сараптама жүргізеді.
Аталған бағалау аяқталғаннан кейін қаржы институты кәсіпкердің өтінімі бойынша чек-парақты қаржы агенттігінің филиалдарына келісу үшін жолдайды.
Қаржы институты қолданыстағы қаржылық құрал бойынша субсидиялау жүргізілгенге дейін, кәсіпкердің негізгі қарызды және шартта көзделген сыйақыны уақтылы өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаратыны көзделген.
Қаржы институты қаржылық құралды ұсыну туралы оң шешім қабылдаған жағдайда, сондай-ақ қаржы агенттігінің жазбаша келісімі алынғаннан кейін және субсидиялау шеңберінде шарт жасалғаннан кейін қаржы институты қаржы агенттігіне төмендегілерді ұсынады:
Шартқа қол қою кезінде кәсіпкер қаржылық құралды мақсатты пайдалану және жобаның Қағидалар талаптарына сәйкестігі жөніндегі міндеттемелерді өзіне алады. Аталған міндеттемелер орындалмаған жағдайда субсидиялау тоқтатылады, ал кәсіпкер қаржы агенттігіне төленген субсидия сомасын қайтаруға міндетті.
Жобалар бойынша субсидиялар тиісті өңірлік үйлестіруші немесе уәкілетті орган тарапынан қаражат болған жағдайда төленеді.
Бюджетте субсидиялауға арналған қаражат болмаған жағдайда кәсіпкер субсидияланатын және субсидияланбайтын бөліктерді өзі төлейді. Бюджет қаражаты түскен жағдайда қаржы агенттігі кәсіпкерге төлем кестесіне сәйкес субсидияланатын бөлікті өтейді.
Субсидиялауға арналған қаражатты аудару қаржы агенттігі арқылы қаржы институтының немесе төлем агенті-банктің ағымдағы шотына ай сайын аванстық төлемдер түрінде (бір рет немесе айына бірнеше рет) жүзеге асырылады. Бұл ретте қаржы институты ұсынған шарттың төлем кестесі және бұрынғы кезеңдер үшін өтемақылар ескеріледі.
Қаржы институты осы Қағидалардың нормаларын ескере отырып, тиесілі субсидия сомасын дербес есептейді. Аталған есептеулерді қаржы агенттігі тексермейді.
Қаулы 2026 жылғы 25 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.