Айыппұлдан қалай сақтануға болады

Айыппұлдан қалай сақтануға болады

Петропавлда кәсіпкерлерге enbek.kz порталында айыппұлдан қалай сақтану жолдары түсіндірілді.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы «ReWomen.SKO» әйелдер қауымдастығымен бірлесіп, кадрлық есеп мәселелері бойынша түсіндіру семинарын өткізді. Кездесудің басты тақырыбы enbek.kz порталындағы Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (бұдан әрі — ЕСЕБЖ) жұмыс істеуге қатысты заңнамадағы өзгерістер болды.

Спикер ретінде Астанадан шақырылған сарапшы — кадрлық аудитор Бахытжан Мұкашева сөз сөйледі. Ол қатысушылардың назарын 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстанда еңбек шарттарын тіркеу кезінде жіберілген бұзушылықтар үшін ресми әкімшілік жауапкершілік енгізілгеніне аударды.

«Биылғы 12 наурыздан бастап Қазақстанда Enbek.kz порталындағы ЕСЕБЖ-мен жұмыс істеу кезіндегі бұзушылықтар үшін ҚР ӘҚБтК-нің 98-бабы бойынша айыппұлдар күшіне енді. Енді жұмыс берушілер барлық еңбек шарттары бойынша деректерді ЕСЕБЖ-ге уақтылы енгізуге, өзгертуге немесе тоқтатуға міндетті. Жүйеде тіркелмеген қағаз түріндегі шарт бұзушылық болып есептеледі. Толық емес, дұрыс емес немесе уақтылы енгізілмеген ақпарат үшін айыппұл мөлшері 30-дан 150 АЕК-ке дейін, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда бұл сомалар едәуір өседі», — деп атап өтті Бахытжан Мұкашева.

Ол жұмыс беруші еңбек шартын тіркеу/бұзу немесе оған өзгерістер енгізу кезінде сақтауы тиіс мерзімдерге ерекше назар аударды.

«Ережеге сәйкес, жаңа еңбек шартын порталға енгізу үшін сіздерге 5 жұмыс күні беріледі; еңбек қатынастарын тоқтату үшін – 3 жұмыс күні және өзгерістер мен қосымша келісімдер енгізу үшін – 15 күнтізбелік күн. Бірақ мен барлығына бұл деректерді порталға сол күні-ақ енгізуді ұсынамын, соңғы мерзімге қалдырмаған жөн, себебі техникалық ақаулар жиі болып тұрады, ал мерзімді өткізіп алудың құны – жоғары», – деп жалғастырды Бахытжан Мұкашева.

Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату немесе еңбек жағдайларына өзгерістерді тіркеуді кешіктіргені үшін айыппұл мөлшері шынында да қомақты және компанияның көлеміне байланысты:

  • Лауазымды тұлғалар – 129 750 теңге (30 АЕК);
  • Шағын бизнес – 259 500 теңге (60 АЕК);
  • Орта бизнес – 346 000 теңге (80 АЕК);
  • Ірі бизнес – 648 750 теңге (150 АЕК).

Бұл ретте бір жыл ішінде қайталанған бұзушылық болған жағдайда айыппұл мөлшері екі есеге жуық артады. Шағын бизнес үшін айыппұл 346 000 теңгені, орта бизнес үшін – 432 500 теңгені, ірі бизнес үшін – 865 000 теңгені құрайды.

Заңнама жұмыс берушілерге «қателесу құқығын» қалдырады. Қате енгізілген деректерді 30 жұмыс күні ішінде түзетуге болады.

Сондай-ақ іс-шара қатысушыларына қызметкерлерді міндетті сақтандыру мәселелері туралы СҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің маманы Арслан Валеев баяндап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинарлар өңірлік бизнеске заңнамадағы жаңа өзгерістерге дер кезінде бейімделуге көмектеседі.