Салық салу: 2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін не өзгереді

Салық салу: 2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін не өзгереді

2026 жылдың қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Шағын бизнеске арналған бірыңғай біріктірілген режим енгізіледі. Бұл режим қазіргі екі салықтық тәртіптің — жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық элементтерін біріктіреді. Жылдық кіріс шегі 600 мың АЕК-ке дейін, яғни 2,4 млрд теңгеге дейін болады. Жалдаған қызметкерлер саны шектелмейді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сагнаев мәлімдеді.

Егер табыс жылына 24 мың АЕК-тен асса, еңбекақы қорына жұмсалған сомаға салық салынатын табыс азайтылатын болады. Жеңілдетілген режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС және әлеуметтік салықтан босатылады.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 4% мөлшеріндегі біртұтас жеңілдетілген төлем енгізіледі. Бұл төлемге ЖТС кірмейді — бұл санат үшін табыс салығы мүлде алынбайды. Бір төлемнің ішіне міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және ӘМСҚ жарналары кіреді. Салықтық есептілік нысандары 30%-ға қысқарады. Сонымен қатар, салық төлеушінің келісімімен декларацияларды автоматты түрде толтыру мүмкіндігі қарастырылған. Жоспарлы тексерулер толығымен жойылды, енді тек тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде ғана тексеру жүргізіледі», — деді Ерлан Сагнаев.

2026 жылға дейінгі кезеңдер үшін микро және шағын бизнес субъектілері салықтық тексерулерден және камералдық бақылаудан толықтай босатылады (талап қою мерзімі шегінде). Егер жыл ішінде жер, көлік және мүлік салығы бойынша міндеттемелердің жалпы сомасы 1 миллион теңгеден аспаса, ағымдағы төлемдерді есептеу де жойылады. Сенімді салық төлеушілер үшін кепілсіз және банк кепілдігінсіз кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

«2021 жылдан бастап елде кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеушілік саясат аясында “таза парақтан реттеу” саясаты жүзеге асырылып келеді. 128 мың талаптың ішінен 10 мыңнан астамы жойылды — олар жаңа реттеушілік саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмеді. 2024 жылы екінші түзетулер пакеті қабылданды. Біз тексеруден алдын алу шараларына көшеміз. Заңнамаға шамамен 400-ге жуық өзгеріс енгізіледі», — деді спикер.

Кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту аясында Smart Data Ukimet платформасы негізінде «Гильотина» реттеуші тетігі іске қосылды. Бұл кәсіпкерлерді тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босататын Міндетті талаптар тізілімі. Қазіргі таңда дәл осындай актілерге ревизия өңірлік деңгейде де жүргізіліп жатыр: аймақтық талаптар қайта қаралып, жергілікті маңызы бар нормативтік құқықтық актілердің базалық тізбесі жасалды, жергілікті атқарушы органдар тарапынан Міндетті талаптар тізілімін толықтыру кестесі бекітілді.

Вице-министрдің айтуынша, бизнестің әкімшілік жүктемесін одан әрі азайту мақсатында «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңнан өзектілігін жоғалтқан рұқсат түрлерін алып тастау көзделіп отыр. Сондай-ақ кейбір рұқсаттарды беру мерзімдерін қысқарту жоспарлануда, бұл кәсіпкерлер үшін қажетті құжаттарды алу процесін жеңілдетеді.