Инфляция деңгейін тұрақтандыру жөніндегі кеңесте, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 23 өнімге кеңеюі мүмкін екенін хабарлады.
Қарашаның үшінші аптасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуінсіз өтті. Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясына ең көп үлес қосқан өнімдер: қызанақ (15,8%), ет тартылған фарш (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), жаңа балық (2,6%), банан (2,8%) және басқа да өнімдер. Дегенмен, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда, жылдық көрсеткіш бойынша қызанақ 36,6%-ға, ал қияр 43,4%-ға арзандаған.
Азық-түлік инфляциясына жүргізілген талдау нәтижесінде барлық өңірлерде бағаның өсуіне ең көп үлес қосатын, бірақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кірмейтін 30 тауардан тұратын тізім жасалды. Олардың қатарында түрлі ет түрлері, жаңа ауланған балық, алма, алмұрт, лимон, шай, ірімшік, ысталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер бар. Бұл тізімде импорт үлесі жоғары тауарлар да, сондай-ақ көбінесе ай сайынғы инфляцияға әсер ететін, бірақ жылдық көрсеткішке айтарлықтай ықпал етпейтін тауарлар да кездеседі.
«Осы тауарлардың ішінен біз әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізуге болатын 23 позицияны анықтадық. Енді бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылаймыз», – деді Айжан Бижанова.
Кәсіпкерлер үшін тізімнің кеңеюі – сауда операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету, шарттар жасау, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді ресімдеу, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау міндеттерін білдіреді.
Бұл шаралар ең сұранысқа ие азық-түлік тауарларының айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және өнімнің соңғы бағасына тиімсіз делдалдардың ықпалын барынша азайтуға бағытталған.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне ұсынылған әрбір позицияны бизнес-қауымдастықпен, салалық қауымдастықтармен, «Атамекен» ҰКП-мен талқылауды, сондай-ақ импорт құрылымын қосымша талдауды тапсырды. Қорытынды шешім барлық консультациялар аяқталғаннан кейін ғана қабылданатын болады.