Мұғалімнен кәсіпкерге дейін: Дмитриевка ауылының тұрғыны ет өндірісін дамытып жатыр.

Мұғалімнен кәсіпкерге дейін: Дмитриевка ауылының тұрғыны ет өндірісін дамытып жатыр.

Петропавлда өткен аймақтық бренд-комитеттің отырысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды. Үздік деп танылған үш кәсіпкер Солтүстік Қазақстан облысының атынан республикалық деңгейде өз өнімдерін ұсынатын болады.

Бірінші орынды Тимирязев ауданы, Дмитриевка ауылынан шыққан «QAZAQ QOY SOLTYSTIK» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Арман Смағұлов иеленді. Ол бренд-комитетке қой етінен дайындалған үш өнімін – тушенка, маринадталған құйрық май және қақталған етті ұсынды.

Педагогикалық біліміне қарамастан, Арман Дулатұлы кәсіпкерлікпен бар болғаны үш жыл бұрын ғана айналыса бастады.

Ол 2022 жылы жеке кәсіп ашып, асыл тұқымды қой өсіруді қолға алды. Сол жылы Қостанай облысынан 54 бас ұсақ мал сатып әкеліп, шаруасын бастады. Алғашқы мақсаты — мал басын көбейтіп, етін сату болған.

Конкурсқа қатысу арқылы ол 500 гектар жайылымдық және 23 гектар егістік жерді (арпа өсіруге арналған) жалға алды. Қазір оның шаруашылығында 350-ге жуық қой бар. Жеке қаражаты есебінен қора-қопсы салып, трактор, тіркеме, қойшыға арналған квадроцикл және қой қырқуға арналған мобильді құрылғы сатып алған. Бұл қызметті Арман ауыл тұрғындарына да көрсетіп келеді.

Мұндай көлемдегі шаруашылықты бір адамның атқаруы оңай емес. Сондықтан оған отбасы көмек көрсетеді. Сонымен қатар, жеке кәсіпте бір қызметкер жұмыс істейді.

Тушенка өндіру идеясын алғаш ұсынған — кәсіпкердің жары. Бұл ой өткен жылы ет бағасы күрт төмендеп, қой етін шикі күйінде сату тиімсіз бола бастаған кезде туындаған. Осылайша, етті қайта өңдеу бағыты дамудың жаңа кезеңіне айналды.

Қазіргі таңда кәсіпкердің басты мақсаты — толыққанды цех ашу. Бизнес-жоспар дайын, сәйкес келетін ғимарат табылған. Енді ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландыруды күтіп отыр. Бұл қаражат өндірісті іске қосу үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізуге бағытталмақ.

Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында бірнеше маңызды критерийлерге басымдық берілді. Ең алдымен, өнімді өндіру кезінде жергілікті шикізатты және қол еңбегін пайдалану талап етілді. Сонымен қатар, өнімнің дизайны мен қаптамасының бірегейлігі, аймақтық ерекшеліктері, ішкі және сыртқы нарыққа шығу әлеуеті де бағаланды. Кәсіпкердің өзі де дайын болуы қажет — яғни, тәжірибесі, командасы, сату арналары мен тұрақты дамуға мүмкіндігі ескерілді.

Байқау жеңімпаздары «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесінде өз өнімдерін таныстырып, оны кең нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, оларға брендинг, сертификаттау, маркетингтік қолдау мен экспортқа шығу бойынша көмек көрсетіледі. Бұған қоса, қатысушылар 5 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыру конкурсына қатыса алады. Бұл олардың жобаларын одан әрі дамытуға үлкен серпін береді.