Ауыл өнімi – табысқа бастар жол

Ауыл өнімi – табысқа бастар жол

Петропавл қаласында «Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасы аясында конкурс-көрме өтті. Жобаның басты мақсаты – шағын және орта бизнесті дамыту, жергілікті өнімдерді насихаттау және ауыл кәсіпкерлерін қолдау.

Іс-шараға облыстың әр ауданынан 40 кәсіпкер қатысты. Олар өз ауылдарында өндірілген бірегей тауарларын – ет және сүт өнімдерінен бастап, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларға дейін ұсынды.

Тимирязев ауданынан қатысқан – Дмитриевка ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Арман Смағұлов. Ол өз өндірісіндегі қой етінен жасалған консервіленген тушёнканы таныстырды. Табиғи әрі экологиялық таза бұл өнім сапасымен ерекшеленіп, тұтынушылар арасында сұранысқа ие болуда. Арман – ауылдағы өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің экономикалық өсуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі.

Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесі мен белсенді қатысқаны үшін Арман конкурс ұйымдастырушыларының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мұндай іс-шаралар – ауыл кәсіпкерлері арасындағы тәжірибе алмасу, жергілікті өнімдерді ілгерілету және іскерлік байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаң болып отыр.