
Күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы, Соңғы қоңырау шараларын үйлестіру, ҰБТ өткізу, балалардың жазғы сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру, қауіпсіздікті күшейту мәселелері қаралды. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейсов баяндама жасап, жоспарлармен таныстырды. Айтуынша, биыл 33 мыңнан астам оқушы 11-сыныпты бітіреді. Соңғы қоңырау іс-шараларын 23 мамыр күні өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 16 мамыр - 10 шілде аралығында 27 мыңнан астам түлек қатысады. Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысу тек ата-ананың рұқсатымен ғана жүзеге асатынын ескертті. Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Бегімхан Ахметов қауіпсіздік шаралары туралы сөз қозғады.