Бүгін Шардара ауданында қазақ күресінен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің дәстүрлі турнирі өтіп жатыр. Жыл сайын жалауы желбірейтін бозкілемдегі бәсеке биыл 62-рет ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің ашылу салтанатына облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директор-Бас редакторы Абай Балажан, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, құрыш білекті балуандарға сәттілік тіледі.
Биылғы дүбірлі додада өңірдің түкпір-түкпірінен ең мықты 100-ден астам спортшы өзара күш сынасуда. Балуандар алдымен салмақ дәрежесі бойынша кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ түйе балуан сайысының жеңімпазы жарыстың бас бәйгесі автокөлікке ие болады.
Бұл турнир – ұлттық спортты дәріптеуде өзіндік орны бар тарихи жарыс. Бозкілем бәсекесінде өңірдің ең таңдаулы балуандары белдесіп, қазақ күресі әдістерінің небір керемет үлгілерін көрсетеді.
Айта кетейік, Шардара ауданында соңғы жылдары дарынды балуандар қатары артып келеді. Турнирдің дәл осы жерде өтуі жастарға үлкен шабыт сыйлайтыны анық.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі