ТҮРКІСТАНДА ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІПТІ ЖЫРҒА ҚОСҚАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР МҮШАЙРАСЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІПТІ ЖЫРҒА ҚОСҚАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР МҮШАЙРАСЫ ӨТТІ
Заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Адал ұрпақ – ұлт болашағы» атты республикалық жас ақындардың жыр мүшәйрасы өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық құндылықтарын насихаттау, шығармашылық белсенділікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардан жас ақындар қатысты.
Байқауға қатысушылар «Адал ұрпақ – ұлт болашағы» және «Түрленген, гүлденген Түркістан» тақырыбындағы шығармаларын ұсынды. Сонымен қатар жас ақындар Ұлы Жеңістің 80 жылдығын елеусіз қалдырмай, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, ерліктерін жырға қосты.
Рухани шараның ашылуында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды насихаттау, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының жұмыстарын белсенді іске асыруға тарту бүгінгі күннің маңызды жұмысы екенін атап өтті.
Байқаудың ақтық сайысына өткен жас ақындардың арасынан түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Нақтырақ айтсақ, қазылар алқасының шешімімен 1-орынды атыраулық жас ақын Долорес Русланқызы жеңіп алды. Ал 2-орын Шымкент қаласынан келген Ақсүйкім Ізбасар мен түркістандық Айбек Бердішке бұйырса, 3-орын Абай өңірінен Адина Омарғазина мен Түркістан облысынан Қасымхан Исаханға берілді.
Мүшәйрада жас ақындарға айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова, қаламгер Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлделер мен облыстық Қоғамдық даму басқармасының арнайы жүлделері тапсырылды. Одан бөлек 7 қатысушыға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Айта кетейік, байқау «Алтын орда» қайырымдылық қоғамдық қорының қолдауымен өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі