
«№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ 3-18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға әлеуметтік қызметтер көрсетеді. 100 орындық орталық биыл Сауран ауданында жаңадан салынып жатқан ғимаратқа көшіріледі. Осыған байланысты, бұрынғы ғимарат білім бөлімінің теңгеріміне өткізіліп, оның базасында жазғы сауықтыру лагерін ашу ұсынылған. Бейсенбай Дәулетұлы «Алатау» лагері деп жаңадан аталатын мекемеге қарасты үш ғимаратты ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, демалыс аймағы жасақталатынын айтты. Айтуынша, Төлеби табиғаты керемет таулы өңірде орналасса да ауданның бірде-бір мемлекеттік лагері жоқ. Енді осы олқылықтың орны толтырылып, маусым айынынан бастап ауданның балалары аталған лагерьге баратын болады. Нысанды жыл бойы жұмыс істейтін мектеп-лагеріне айналдыру, барлық аудан, қалалардың үздік оқушылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға қолжетімді ету ойластырылуда. Арнайы медициналық кабинеттер жатын бөлмелеріне айналса, ауласына бассейн орнату қарастырылған. Өзгерістер нәтижесінде бір мезгілде 300 оқушыны қабылдай алатын жағдай жасалады.