«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЖЕТІСАЙДАҒЫ СЕНБІЛІК СЕРПІНДІ ӨТТІ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЖЕТІСАЙДАҒЫ СЕНБІЛІК СЕРПІНДІ ӨТТІ
Кез-келген оотаның тазалығы – сол ортаны мекен етушілердің мәдени деңгейiн көрсетедi.
Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық шарасы аясында Жетісай ауданы тұрғындарының жақсы тұрмысы үшін түрлі бастамалар қолға алынып, игі істер атқарылуда. Көшелер кеңейтіліп, жарықшамдар орнатылуда. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, барды қадірлей білетін, туған еліне құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін белсенді азаматтар ауданды көркейтуге, абаттандыруға, еліміздегі таза аймақтардың бірі болуына белсене жұмылдырылуда.
Аталмыш шара шеңберінде өткен аудандық сенбілік жұмыстарына қатысқан мыңға тарта тазалық жанашырларының 200-і мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері болса, 800-ден астамы қарапайым тұрғындар мен белсенді жастар.
«Тазалық – саулық негізі. Туған жердің тұмса табиғатын көздің қарашығындай сақтап, экологиялық тазалыққа атсалысу әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан, ауданда өткізіліп жатқан сенбілік жұмыстарына әкімдік басышыларынан бастап, түрлі қоғамдық ұйымдар мен еріктілер, тұрғындар бірауыздан қолдау танытып, атсалысуда. Тазалықты өзімізден бастап, өз үйіміздің ауласын артық күл-қоқыстан тазартып отырсақ өсіріп отырған ұл-қыздарымызға қоршаған ортаны таза ұстауға, туып өскен жерінің қадір-қасиетін арттыруға деген жоғары мәдениеттілік пен тәрбиемізді көрсете аламыз» дейді аудан әкімі Серік Мамытов.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі