
Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 га, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 га, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 га, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 га және «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 га. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген.
Қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалды аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл бастама 6 040 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, (11 ғимарат), жұмысын бастап кетті. 790 жұмыс орны ашылды.

«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында осы тәжірибені ендіру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Ол жерге кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.