
– Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледж студенттері арасында ұйымдастырылған алғашқы «Еңбек кубогы» республикалық спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Республикалық спартакиаданың еліміздің қасиетті де тарихи мекені – Түркістан қаласында өткізіліп отырғаны зор маңызға ие. Бұл өңір – ел бірлігінің, өркениет пен мәдениеттің, жасампаздықтың жарқын үлгісі. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өседі. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі «Еңбек кубогы» спартакиадасы сіздерге тек спорттық жігер мен рух беріп қана қоймай, еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастырады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, мықты денсаулық, биік белестер тілеймін! – деген Ғани Бейсембаев Еңбек кубогын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке табыстады.