
– Ең алдымен шежірелі Созақ өлкесінің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары екенін айтқым келеді. Себебі Қаратау баурайы пайдалы қазбаға бай. Ел көлемінде уран өндірісі бойынша көш керуенін созақтық тұрғындар, өздеріңіз бастап тұрсыздар. Ауданның дамуы жолында бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек. Бүгінде Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, аудан, қала тұрғындарымен жүздесулер ұдайы өткізіліп, мәселелерді шешу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сондықтан көкейтесті мәселелерді ашық айтып белсенді болуға шақырамын. Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен ауданға қарасты 5 елді мекенде жалпы саны 12 жоба іске асқан. Оның ішінде 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, биыл ел игілігіне беру жоспарда бар. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биыл 25 маманға 9,8 млн.теңгеге бірреттік көтерме жәрдемақы берілсе, 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 76,6 млн.теңге беру жоспарлануда. Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім байқалады. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 15,3 пайызға өскен. Өнеркәсіп саласы бойынша өнім 15,8 пайызға артқан. Созақта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, салаларында оң нәтиже бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 240,4 млрд. теңгені құрады. Ауданның кезекті даму көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары атқарылған. Алайда жоспарды толық орындамаған ауылдар да жоқ емес. Бұл бойынша жергілікті ауыл әкімдері жүйелі жұмыс жүргізу тиіс. Кемшіліктер де аз емес, аталған түйткілдер шешілмесе өлкенің дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себепті мен жауаптыларға айтылған мәселелер төңірегінде тиянақты жұмыс жүргізуді міндеттеймін. Шолаққорған ауылында 900 орынға шақталған «Жайлы мектеп» салынуда. Білім ошағын биыл мамыр айында пайдалануға беру көзделуде. Жоба құны 6,7 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы биыл маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 жоба іске асып, жалпы 12 көше орташа жөндеуден өтуі үшін тиісті қаржы қаралды. Бүгінгі күннің ауқымды мәселесі «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы атқарылуда. Бұл – уақытша науқан емес. Аталған маңызды жоба жыл бойы өз жалғасын табады. Сондықтан тұрғылықты мекенімізді таза ұстау негізі міндет деп білемін. Жергілікті тұрғындарды тазалық шаралары мен көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын. Бүгін тұрғындар көтерген мәселелер бюджетке сәйкес кезең-кезеңімен орындалады, – деген Нұралхан Көшеров мамандарға ауданның әлеуетін көтеру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.