
– Отырар – өзінің бай тарихымен, көне тартпас құндылықтарымен, даңқты перзенттерімен әлем назарын өзіне аударып, ұлттың рухани алтын қазығына айналған аудан. Ауданда алға қойған жобалар мен жоспарлы жұмыстар нәтижелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгін өзекті мәселелерді талқылау үшін арнайы келіп тұрмын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдіктерге ел экономикасының әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді орындау бағытында Отырар ауданында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 8 елді мекенде құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылды. Нәтижесінде Ақтөбе және М.Шойманов елді мекендерінде 150 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы, 6 елді мекенде 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шәуілдір ауылындағы жаңа ықшам ауданы табиғи газға қосылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Аққұм елді мекенінде дәрігерлік амбулатория және Шытты елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өткен жылы 85 млн.теңгеге 13 жоба қаржыландырылып, биыл 670 млн. теңгеге 132 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 19 маманға 7 млн. теңгеге бірреттік жәрдемақы, 4 маманға 31,4 млн. теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Шәуілдір ауылындағы 600 орындық мектеп пайдалануға берілді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.