
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау қажет екенін айтты. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының қолдауымен білім саласын дамыту жұмыстары жандануда. Мемлекет тарапынан жастардың білім алуына гранттар беріліп, қолдаулар көрсетіліп жатыр. Биыл да арнаулы оқу орындары мен колледждерге 15 500 мемлекеттік тапсырыс беру жоспарланған. Соның ішінде жұмысшы мамандықтарының саны 9500-ге дейін ұлғаяды. Ауылдар мен қалалардағы мектеп бітіруші түлектерге, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, гранттармен қамту керек. Білім басқармасының талдауы негізінде биыл 11-сыныпты бітіретін 4 мыңнан астам оқушы ҰБТ-ға қатыспайды. Осы оқушылар NEET санатына енбеуі үшін колледждерге түсіру керек. Жауапты басқарма, «Жастар ресурстық орталықтары», аудан, қала әкімдері осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Аймақта мықты, көшбасшы колледждер бар. Олардың бірқатарындағы жатақханалар бос тұр. Ауыл жастарын тартыңыздар. Тегін оқысын әрі стипендиясын алып, мамандыққа ие болсын. Көпшілігі мұндай мүмкіндіктерді білмейді. Халыққа ақпарат беру керек. Бөлінген гранттарға сай тиісті ұсыныстар беріңіздер. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жөн. Әр колледждің көрсеткіші талданып, тиімсіз жұмыс істеген директорларға қатысты тиісті шешімдер қабылданады, – деді Бейсенбай Тәжібаев.