
– Мемлекет басшысы тұрғындармен тұрақты кездесу, экономиканы әртараптандыру жөнінде тапсырмалар берді. Өңірде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Соның ішінде Келес ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсам, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2024 жылы 20 елді мекенде құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13 елді мекендегі 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдардың электр желілері жаңартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 141 млн. теңгеге 23 жоба қаржыландырылса, биыл 539 млн. теңгеге 46 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 1 пайызға өссе, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі артығымен орындалып, 48 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының жоспары 6,4 пайызға өсті. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров биылғы жоспарларды да баяндады. Тұрғындарды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, көгалдандыру шараларына белсене қатысуды шақырды.