
– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді орындау үшін баршамыз бірлесе еңбек етуіміз қажет. Шардара ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Шардара ауданында 2024 жылы 4 елді мекенде құны 798,2 млн. теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір елді мекені табиғи газға қосылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 67 млн. теңгеге 9 жоба қаржыландырылса, биыл 663 млн. теңгеге 113 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 8 маманға 3 млн. теңге көлемінде бірреттік көтерме жәрдемақы берілді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 мектеп тапсырылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 8 пайызға, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,8 пайызға ұлғайды. Дегенмен Шардараның туристік және экономикалық әлеуеті өте жоғары. Инвестиция тартуға да мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмысты күшейту керек, – деген Нұралхан Көшеров биыл да ауданды дамыту жұмысы қарқынды түрде жалғасатынын жеткізді.