
– Өздеріңізбен кеңесе отырып, ауданды әрі қарай дамыту бағытындағы ұсыныс, талаптарыңызбен танысу мен үшін маңызды. Президентіміз Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыруды, ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырды. Халқымызда «Еңбек етпей елге өкпелеме, Егін екпей жерге өкпелеме» деген мәнді сөз бар. Ауданға сапарым барысында диқандардың қызу жұмысына куә болдым. Айтпағым, ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударған жөн. Біз еңбекқор халқымызбен мақтанайық. Егістіктің нағыз мезгілі көктем келді. Ендігі жерде саланы әртараптандыруды қолға алу керек. Жыл сайын ерте пісетін көкөністі жинап алған соң мақта, дәндік жүгері, маш және тағы басқа дақылдарды егу арқылы, бір алқаптан екі өнім алуға болатынына көзіміз жетті. Аталған бағытта ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан әкімдігімен бірлесіп шаруаларға семинар-кеңестер өткізіп, жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Тұрғындармен кездесудегі мақсатым өңірдегі өзекті мәселелерді шешу екенін білесіздер. Сондықтан біз кейбір салаларда орын алып жатқан кемшілікті ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет, – деген Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасына барша тұрғын атсалысуы тиіс екенін айтты.