ТҮРКІСТАН: ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙДЫ ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУ ДЕРЕГІМЕН 140 ЖАҒДАЙ ТІРКЕЛІП, 11 ТОННАДАН АСТАМ МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ ТӘРКІЛЕНДІ

ТҮРКІСТАН: ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙДЫ ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУ ДЕРЕГІМЕН 140 ЖАҒДАЙ ТІРКЕЛІП, 11 ТОННАДАН АСТАМ МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ ТӘРКІЛЕНДІ
✔️Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен Түркістан облысындағы мұнай өнімдері нарығындағы жағдай бойынша өңірлік штаб отырысы өтті.
✔️Өңірімізде жанар-жағармайдың заңсыз тасымалын шектеу, жанар-жағармай бекеттерінде мұнай өнімдерінің жасанды тапшылығына жол бермеу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топ тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізіп келеді.
✔️Кәсіпкерлік және өнеркәсіп
басқарма басшысының орынбасары
Нұргүл Әбдразақованың мәлімдеуінше, шекаралық аймақтарда аудандық прокуратура және кеден бекетінің қызметкерлерімен бірлесе өткізген рейд барысында Сарыағаш қаласында «Қапланбек» кеден бекетіне жақын орналасқан бірқатар жанар-жағармай бекетінде техникалық қауіпсіздік шараларының сақтамалмағаны анықталып, жауапты басшыларының түсініктемелері алынды.
✔️Сондай-ақ, 10 литрлік құтылармен АИ-92 маркалы бензинін шекарадан өткізбекші болған жағдайға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
✔️Қаңтар-ақпан айларында жүргізілген рейд нәтижесімен 15 жеңіл көлік және 2 автобус айып тұрағына қойылып, құжаттары сотқа өткізілген болатын. Қазіргі таңда, сот үш көлікке шешім шығарып, заң аясында жауапкершілік белгіледі.
✔️Облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдерінің орынбасарларына заң аясында әрекет етіп, жанар-жағармай бекеттеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.
📌«Жіп - жіңішке жерінен үзіледі». Шекаралы аймақтардың «жіңішкеруіне» жол бермеу - бәріміздің азаматтығымызға сын. Қазақта сөз бар, «Саудагер құнықса сақалын күзеп сатады» деген. Біз ең алдымен ішкі нарықтағы қажеттілікті қамтамасыз етуді ойланғанымыз абзал. Пайда ойламай, арды ойлайық, азаматтар, - деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
✔️Жыл басынан бері атқарылған жұмыстың нәтижесінде жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаған 140 дерек тіркеліп, 5,9 тн. бензин, 5,6 тн. дизель отыны тәркіленді.
Штаб отырысының нәтижесімен жаңа тапсырмалар нақтыланып, мерзімі бекітілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі