
– Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында білім саласын дамыту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Білім сапасын жақсарту, саладағы кемшіліктерді жою бағытындағы
жұмыстарды жалғастырамыз. Аудан, қала әкімдігінің жауапты өкілдері өңірдегі ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегін азайту бағытында жұмыстарды жүйелеп, нақты жоспармен іс атқаруы керек. Сондай-ақ балалар лагерін жаңғырту, балаларға психологиялық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс істелуі тиіс. Осы бағытта балалар жасанды интелект арқылы психологиялық кеңеc ала алады. Жобамен барлықтарыңыз танысып, нақты ұсыныстар беріліп, жұмыстар атқарылсын. Осы саладағы жұмыстар қатаң бақылауда болады, – деген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы тиісті жұмысты уақтылы атқару керектігін жеткізді.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов мектептерді жаңғырту жобасы аясында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Сонымен қатар жекеменшік орта білім беру ұйымдарына қаралған қаржыға тоқталды. Оның мәлімдеуінше, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген. 2025-2027 жылдары 115 мектептің ғимараттарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және асхана, кітапхана, спорт зал, сынып бөлмелерін жабдықтау, қауіпсіздік жүйесімен, пән кабинеттерімен, жиһаздармен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2025 жылға жоспарланған 41 мектептің ішінде ағымдағы жөндеумен 15 мектеп қамтылса, 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.