
Заң жобасының мақсаты – Түркістанды ҚР рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретінде дамыту және оның жұмыс істеуі үшін жағдай жасау. Қаланың тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұрасы объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймақтарында орналасқан объектілерді басқарудың, сақтаудың және олардың бүтіндігін сақтап тұрудың тиімді жүйесін құру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту, қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дамыту. Жаңа құжат аясында Түркістанда археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы зерттеліп, кесенесінің маңындағы құрылыстар заңмен шектеледі. Бірегейлігі қорғалып, заңсыз ғимараттар салуға жол берілмейді. Шаһардың дизайн коды қалыптасады. Қолөнершілер шығындарының бір бөлігі бюджеттен өтеледі. Жалпы қалалық әкімдік пен мәслихатқа 44 құзірет беріледі. «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығы» КММ құру жоспарланған. Қала құрылысы кеңесі жасақталып, құрамына білікті мамандар енгізіледі. Халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі мәдени, туристік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.