
– Бүгінгі мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер облыстың дамуына оң әсерін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында стратегиялық жоспарлар жасау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту, агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді ұлғайту, салық-бюджет саясатын реформалау, денсаулық сақтау және білім беру саласын одан әрі дамытуды тапсырды. Бюджет қаражатын қатаң үнемдеп, нақты елге қажет жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Біз экономиканы әртараптандыру, кіріс көздерін ұлғайту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық беріп жатырмыз. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарын жандандырдық. Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Облыста атаулы жылды атап өту бойынша арнайы іс-шара жоспары әзірленді. Өңірдегі колледждер кәсіпорындармен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлауға белсене атсалысады. Облыста салынған зауыттар мен фабрикаларда өзіміздің жастар, тұрғындар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан өндіріске қажетті арнайы мамандарды, жұмысшыларды даярлау бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл бастамаға депутаттар да атсалысып, өз үлестерін қосуы керек. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы Мәжіліс пен Сенаттан қолдау тауып, Президентке қол қоюға ұсынылды. Бұл – Түркістан қаласын ғана емес, тұтас өңірді дамуға жетелейтін маңызды құжат. Түркістанды дамыту – тарихқа деген құрмет. Өңір дамуы үшін ел бастаған азаматтар ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі, ел мерекелі болады. Сондықтан алға қойған мақсаттар мен міндеттерді бірлесіп орындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.