
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияда 281 факті қаралып, әкімшілік айыппұл салу үшін тиісті органдарға жолданған. Жыл басынан бері картоптың сауда үстемесін асырудың 7 фактісі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жалпы алғанда, «Айналым схемасы», форвардтық келісімшарттар, қоймадағы қорларды есептегенде тұрақтандыру қорында 32 мың тонна азық-түлік бар. Маусымаралық кезеңде, бағаның тұрақсыздығы тіркелген жағдайда, жинақталған қор бағаны 6 айға дейін тұрақтандыруға жетеді.

Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру үшін тауар өндірушілермен алдын ала форвардтық келісімдер жасалынды. Оның ішінде картоп бойынша қала тұрғындарының 3 айлық қажеттілігі 3 992 тонна болса, форвардтық келісім 4 309 тоннаға түзіліп (100 теңге), қамтамасыз ету 108%-ды құрап отыр. Аймақта бағаны тұрақтандыру үшін көкөніс қорын нарыққа шығару жұмыстары жалғасуда. 10 желтоқсаннан бастап 960 тонна картоп, 219 тонна қырыққабат, 250 тонна пияз, 318 тонна сәбіз нарыққа шығарылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 37 мың гектарға ұлғайтылып, оны 896 мың гектарға орналастыру жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін және ерте пісетін дақылдар (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат) 31,5 мың гектарға орналастырылып, одан 736 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.