
Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында 5 жыл көлемінде аудан, қалаларда 15 млн астам ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыруға 1,1 млн көшет егу жоспарланған. Аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін, аймақтық жоспарды көлемді орындау мақсатында 4 миллионға жуық көшет егу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге, күз айындағы түгендеу жұмыстары бойынша отырғызылған көшеттердің орташа шығымдылығы 60-70 % құрайды. Өткен жылы жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 1 миллионға жуық әртүрлі көшеттер босатылды. Биыл көшеттерді босатуда аудандардың климаттық ерекшелігі ескеріліп, жерсіндірілген жапырақты, қылқанды, жеміс ағаштары мен гүлді ағаш-бұта түрлерін отырғызуға басымдылық беріліп, жұмыстар атқарылатын болады.