«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөзін басты бағдарына айналдырған Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мекемесі халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрамызды жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға сүбелі үлес қосып келе жатқан орталықтың тікелей ұйымдастыруымен аудандағы көрнекі ақпарат құралдары және жарнамалардың, нысан атауларының дұрыс жазылуына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарын орындау мақсатында жүргізілген рейдтік шара барысында топ мүшелері шағын және орта бизнес өкілдеріне сыртқы көрнекі ақпарат (жарнама) құралдарын әзірлеу барысында мәтіндерінің сауатты жазылуы мен орналасуы, қате жазылған қала, кент, ауылдық округ көшелеріндегі жарнамалар мен маңдайша жазуларын, ақпараттық хабарламаларды заң талабына сәйкес қалпына келтіру мәселелері бойынша ақпараттар берілді.
Негізінен жарнама мәтіндерінің басым көпшілігі орыс тілінде жазылуы, орфографиялық қателіктердің орын алуы секілді кемшіліктердің жиі орын алатынын айтқан мамандар жыл басынан бері анықталған 30 кемшіліктің 22-нің түзетілгенін айтады. 1069 түрлі деңгейдегі маңдайшалары мен жарнама тақтайшалары, лозунгтері мен билбордтары бар ауданда мұндай шаралар жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі