ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ КӨГАЛДАНДЫРУ НАУҚАНЫ ЖАЛҒАСУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ  ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ КӨГАЛДАНДЫРУ НАУҚАНЫ ЖАЛҒАСУДА
Биыл көктем айларында Түркістан облысында 626907 түп көшет егіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда өңірдегі елді мекендерге 469 497 көшет тиісті орындарға жеткізіліп, егілді. Ал кейбір аудандарға қосымша сұраныс арқылы тағы да 80 615 түп көшет таратылды. Атап айтсақ, Отырар, Арыс, Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Келес, Түлкібас, Төлеби аудандары бар. Жалпы, қазіргі таңда 17 аудан, қалаға орман шаруашылығы мекемелерінен 550112 мың дана көшет тегін үлестіріліп, отырғызылды. Ақпан айынан басталған көшет егу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер аудан, қала, елді мекендерге межелі уақытта жеткізіліп берілді. Қазіргі таңда тек қосымша сұраныс арқылы таулы аймақтарға көшеттер жіберіліп жатыр.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала, аудан елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Өткен жылдан бастап аудан, қала елді мекендерге көшет тарату жұмыстары басталды. Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы көшет тарату саны артқан. Орман шаруашылығының тұқымбағында өсірілген ағаштардың түрлерін Түркістан облысындағы елді мекендерге таратып берудеміз. Сондай-ақ бірінші кезекте көшеттердің жерсінуіне және аудандардың ерекшеліктеріне қарай ағаш түрлерінің бөліп, жіберудеміз, – деді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Әлімжан Арыстанов.
Аудан әкімдері мен жауапты мамандар көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Соның бірі – Кентау қаласы. Жоспар бойынша Кентау қаласына 33440 көшет тегін үлестірілген. 2023 жылдың көктем айы бойынша меже толығымен орындалды.
– Кентау қаласы бойынша биыл көктемде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан 33440 түп көшет және сәндік гүлдер берілді. Бүгінгі таңда көшеттер және гүлдер толығымен отырғызылды. Оның ішінде 8 мың түп раушан гүлі және 25 мың түп әртүрлі көшеттер бар. Қаланың орталық көшелеріне арша, туя, қарағай отырғыздық.
Басқарма тарапынан көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, оны күтіп-баптау, суару жұмыстары бізге жүктелген. Бүгінгі таңда қалада көшеттерді отырғызу ғана емес, оны күтіп-баптау, суару жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр. Мәселен, ағаштарды уақытылы суарып, тыңайытқыштар сеуіп, күтім жұмыстары жүргізілуде.
Отырғызылған көшеттердің өнімділігі күз айында белгілі болады, – деді Кентау қаласының «Жасыл қала» КММ-нің директоры Мақсұт Ғайруллаев.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілді. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі