ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Ұйымшыл шағын жинақты жалпы орта мектебінің оқушылары ІV тоқсанның алғашқы күнінен бастап, екі қабатты жаңа ғимаратта білім ала бастады. Осыған байланысты Төлеби аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев аталмыш мектептің жаңа ғимаратына барып, ұстаздар мен оқушылардың қуанышына ортақтасты. Ол 200 орындық жаңа білім ордасын аралап, оқушылар мен мектеп ұстаздарымен тілдесті.
Жалпы, Ұйымшыл шағын жинақты жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратында қазіргі талапқа сай жабдықталған оқу кабинеттері ғана емес, лифт, спорт, мәжіліс залдары, асхана, кітапхана, ұлдарға, қыздарға арналған шеберханалар, медициналық кабинетттер де бар. Ал жаңа мектептің ауласында футбол, волейбол алаңдары, балалар ойын алаңшасы қарастырылған.
– Мектебіміздің ескі ғимаратында оқушылар екі ауысымда білім алатын. Енді жаңа ғимаратта барлық 186 білім алушының бір ауысымда кабинеттік жүйе бойынша оқуына мүмкіндік бар. Мектеп ғаламторға қосылған, 3 компьютер кабинеті, 2 лингафон кабинеті бар жаңа мектебімізде бүгінгі таңда оқушыларға 35 мұғалім білім мен тәрбие беруде, – дейді, Ұйымшыл шағын жинақты жалпы орта мектебінің директоры Төрехан Бәйдібеков.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі