ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК ТҰРҒЫНДАРЫН АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК ТҰРҒЫНДАРЫН АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек жұртшылығымен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Қоғаммен сындарлы диалог аса маңызды екенін айтқан өңір басшысы Президенттің жуырда жарияланған Жолдауындағы тапсырмаларды орындау міндеті тұрғанын атап өтті. Президент айшықтап берген реформалардың нақты 5 бағдарларын түсіндірді.
— Бүгін өздеріңізбен арнайы кездесіп тұрмын. Мақсат — талаптарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдау. Бюджеттің жағдайы белгілі. Барынша тиімді қолданып, бірінші кезекте басталған, құрылысы жүріп жатқан жобаларды аяқтаймыз. Ал негізінен халыққа аса маңызды жарық, жылу, ауыз су мәселелерін шешуге күш саламыз. Әрбір өтініш назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде облыс әкімдігі тарапынан бәйдібектіктердің өтініштері мен ұсыныстарын орындау бағытында атқарылған жұмыстар да баяндалды. Атап айтқанда, Жамбыл елді мекеніндегі 6 көшеге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қажетті қаржы бөлініп, биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Бәйдібек ата елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және «Орталық саябақ» нысандарының құрылыс жұмыстары басталды. Нысандар 2023 өтпелі. Биыл Бәйдібек ауданы, Жолғабас елді мекеніндегі 8 сыныптық мектептің қосымша құрылысына және Ағыбет елді мекеніндегі Есіркеп батыр мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бағытталған. Шаян және Ақжар елді мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғындар тарапынан өңір басшысына инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік жағдайды көтеру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Бәйдібектіктер жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
Одан кейін Д.Сатыбалды бір топ тұрғынды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, заңға сәйкес тиісті жұмыс атқарылады.
Аймақ басшысы шағын бизнесті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды күшейту керегін тілге тиек етті. Облыс әкімі әуелі кәсіпкерлердің өз өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникалары қойылған көрмені тамашалап, аудан кәсіпкерлерінің қадамын оң бағалады. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алған іскер тұрғындардың жұмысымен танысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі