ТҮРКІСТАН: Д.САТЫБАЛДЫ СОЗАҚ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ТҮРКІСТАН: Д.САТЫБАЛДЫ СОЗАҚ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Созақ ауданы Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу және Созақ ауданында автоматтандырылған газ тасымалдау станциясы бар магистральды газ кұбыры-тармағын салу жобаларының жалпы құны 7,6 млрд. теңге және ҰҚ есебінен 2 млрд. теңге бағытталды. Келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылға 600 млн.теңге қаражат қаралған АГТ станциясы бар магистральды газ құбыры-тармағының құрылысы жүргізілуде. Жалпы Созаққа магистральды газ кұбырын тарту жұмыстары осыдан 3 жыл бұрын басталған еді. Табиғи газды жеткізетін ішкі жүйелерінің жұмысы жүріп жатыр.
«Тәуелсіздік» саябағында Созақ тұрғындарының алдында сөз алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды салаға бөліп, түсіндіріп берді. Алдағы жоба жоспарлармен бөлісті. Алғаш іссапарын Созақ ауданынан бастаған облыс әкімі Мемлекет басшысының халыққа Жолдауының ел арасында үлкен қолдауға ие болғанын айтты.
— Біз үшін басты міндет — сіздерге адал қызмет ету. Берілген уәделерді орындау. Сіздерді толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді бірге талқылау үшін келіп тұрмыз. Бұл жерде барлық басқарма басшылары және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары отыр. 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында Президент реформалардың нақты 5 бағдарларын айшықтап берді. Халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселер бойынша нақты шешімдер мен тапсырмалар берді. Олар еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жалпы, бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуіміз қажет. Осында берілген уәделердің бәрі заң шеңберінде орындалады, — деді Д.Сатыбалды.
Облыстық маңызы бар «Уланбел-Созақ-Екпінді» автожолының Шолаққорғаннан Таукентке дейінгі 181-214 шақырым аралығы жөндеуден өтіп жатыр. Созақта жалпы құны 1,9 млрд. теңге құрайтын 2 мектеп салынып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жолдар жөнделуде. Өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жобалар іске асырылуда. Өңір халқының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табатын болады.
Жаңа форматта өткен халық алдында есептік кездесуде тұрғындар инфрақұрылымдық мәселелер басым болды. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, облыс басшысы тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.
Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелерін тыңдады. Тұрғындар жеке мәселесі бойынша өңір басшысына өтініштерін айтты.
Халықпен кездесу алдында өңір басшысы мемлекеттен грант алып, кәсібін дөңгелеткен аудан тұрғындарының көрмесін тамашалады. Кәсіпкерлікке қолдау жалғасатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі