ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА АСТЫҚ ТҮСІМІ МОЛАЙДЫ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА АСТЫҚ ТҮСІМІ МОЛАЙДЫ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, астық ору барысымен және ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде Шарбұлақ ауыл округіндегі «Сапа-2002» ЖШС диқандары егін ору жұмыстарын күшейте түскен. Өңір басшысы аталған аумаққа барып, диқандармен, кәсіпкерлермен кездесті. Егістікті әрт араптандыру, жаңа технологияларды қолдану бағытында пікір алмасты.
– Ауыл шаруашылығы – тұтас Түркістан облысының негізгі драйвері. Өңірде биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 850 мың гектардан астам жерге орналастырылып, дала жұмыстары толығымен аяқталды. Егіс көлемі өткен жылдан 14,4 мың гектарға ұлғайды. Бұл – біріншіден, биыл жауын-шашын мол түскенінің арқасы, екіншіден, жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде қол жеткен жетістік. Облыс диқандары ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып, облысты дамытуға еңбек сіңіріп жатыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасы тұрақты, ем-шөп бағасы да шаруаларға қолайлы, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Бүгінде «Сапа-2002» ЖШС 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы жер көлемі – 6 мың гектарға жуық. Серіктестік элиталы астық тұқымын өсіру, бидай, мақсары, жоңышқа егумен қатар қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қойы және меринос қойын өсірумен айналысады.
Қазығұрт ауданынының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, биыл 90 мың гектардан астам жерге егіс егілді. 40 мың гектарға бидай, 5400 гектарға арпа себілген. Қазіргі таңда егіннің 70 пайызы қамбаға құйылып үлгерген. Егіс түсімі молайған. Алды 25 центнерден асып отыр.
Өңір басшысы жұмыс сапарында Қ.Әбдалиев ауыл округіндегі 200 орындық П.Тәжібаева атындағы мектептің құрылыс барысын көрді. Құрылыстың былтыр басталған нысан қыркүйек айының соңында ел игілігіне берілмек. Жалпы, биыл ауданда екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Тағы 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен бірге облыс әкімі Қазығұрт ауданындағы КХ-45 «Айнатас - Қақпақ» 0-17,6 шақырым автожолының орташа жөндеу жұмыстарын қадағалады. Түркістан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен қолға алынған жөндеу жұмыстары 2023 жылы аяқталмақ. Аудан жолдарының сапасы бір жылда 60 пайыздан 93 пайызға жақсарады деп күтіліп отыр. Өмірзақ Шөкеев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі талапқа сай етіп жүргізуді, кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.
Сонымен бірге облыс әкімі Қақпақ ауылдық округіндегі «Ынтымақ» ӘКК» ӨК салып жатқан шағын су электр станциясының құрылысын бағдарлады. 2 гектар аумаққа орналасатын станцияға 400 млн.теңге инвестиция құйылған. Қуаттылығы – 1,3 МВт электр энергиясын өндіру.
Жұмыс сапарында Қызылқия ауылындағы жеке инвестор салған спорт кешенін аралап көрген өңір басшысы спорт орталығының жұмысын жоғары бағалады. Сейіткәрім Нұрмаханбет басқаратын спорт кешенінде 10 адам жұмыспен қамтылған. Бокс, күрес және өзге де спорт түрлерінен жаттығу жасауға жағдай жасалған.
– Тек мемлекеттік қаражатқа емес, жеке инвесторлар есебінен де спорт нысандарын көбейткен жөн, – деген Ө.Шөкеев аудан әкіміне Қазығұрт ауданын дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, түрлі жобаларды жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі