ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТƏЛІМБАҚТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕСІ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТƏЛІМБАҚТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕСІ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Кентау қаласындағы жұмыс сапарында кенді шаһардағы тәлімбақты қалпына келтіріп, жаңа демалыс және ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру мәселесі көтерілді. Тәлімбаққа арнайы барған өңір басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, кезінде Кентаудың мақтанышы болған бауды қайта жайқалту жөніндегі өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қала әкімі Рашид Аюпов жобаның мәні мен маңызы туралы баяндады. Ұсыныстарды тыңдаған Өмірзақ Шөкеев бұл жобаға қолдау көрсетілуі тиіс екенін жеткізді.
– Ұсыныс зерделеніп, тиісті шешім қабылданады. Қаланың атмосферасын жақсарту, жасыл желекті молайту бағытындағы бастамаларды қолдаймын, – дей келе жауаптыларға бауды иелікке алу, оған қажетті жоспарды бекіту және қажетті қаржы көлемін анықтау жөнінде тапсырма берді.
Қазір арнайы суғарылмаса да, ағаш мол өсіп тұрған бауға су көзін тарту, инфрақұрылымын жасақтау бағытындағы жоспарлар зерттелетін болды. Арнайы мамандардың көмегімен аталған тəлімбақтың маңайында өскен ағаштардың қазіргі жағдайын зерттеп, ауырған ағаштарды емдеп, тыңайтқышпен қамтып, жайқалту көзделіп отыр. Кеңес заманында мұнда 150 түрлі ағаш көшеттері өсірілген екен. Алдағы уақытта сол даңқын қайта жаңғыртып, сәндік және жеміс ағаштарын молайту жоспарда бар.
Жалпы облыс әкімінің тікелей қолдауымен Кентауда инфрақұрылым, газбен қамту, су мәселелері ретімен шешімін тауып келеді. Кентау қаласы орталықтандырылған ауыз сумен 100% қамтылған. 7 елді мекен тәулік бойы 24 сағат ауыз сумен қамтылса, Ащысай ауылына кестемен 12 сағат уақытпен берілуде. Осы аумақты тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құны 68,2 млн. теңге болатын сметалық құжаттамалары дайындалып, қаржы қарастырылып, жұмыстар басталған. Кентау қаласындағы кәріз су сорғы станциясын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінді. Бүгінде мердігер мекеме анықтауға мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
«Кентау қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы» жобасын іске асыру үшін техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленуде. Жоба іске асқан жағдайда қала тұрғындары толыққанды кәріз жүйесіне қосыла алады және қаланың кіреберіс жеріндегі жағымсыз иіс мәселесі шешіледі.
Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Нысан 2023 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, ол Кентау қаласын абаттандыру жұмыстарына, «Жастар», «Кенші» саябақтарын реттеуге жұмсалуда. Жылу жүйелерін жөндеуге, көмір сатып алуға, магистралды және газ таратушы (АГТС) желілеріне техникалық қызмет көрсетуге де аталған қаржыдан тиісті қаражат бағытталып отыр.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 2 елді мекенде 13 жоба іске асырылуда. Қарнақ елді мекенінде 10,8 шақырым болатын 10 көшеге 96,9 млн. теңге қаралып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін беріп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы