КЕНТАУДЫ ГАЗДАНДЫРУДА ТҮРКІСТАН ТӘСІЛІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

КЕНТАУДЫ ГАЗДАНДЫРУДА ТҮРКІСТАН ТӘСІЛІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Кентау қаласын табиғи газбен қамту жұмыстары Түркістан қаласын газдандыру тәсілімен жүзеге асатын болады. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Жыл соңына дейін шаһарды 30 пайыз газбен қамту жоспарланған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында Кентау әкімі рашид Аюпов Кентаудағы өзекті мәселелері туралы баяндады.
Ауыз су және кәріз жүйесімен, жылумен қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінде тұр. Кентау қаласындағы ауыз су құбырының жалпы ұзындығы - 469 шақырым. Кәріз жүйесі - 100 шақырымға жуық. Мәжілісте тозығы жеткен құбырларды ауыстыру мәселесі талқыланды. Көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, яғни балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларын орнату мәселесі де ортаға салынды.
Қазіргі уақытта Кентау қаласының жер асты суларының деңгейін төмендету мақсатында «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, Кентау қаласында су төмендету жүйесін салу бойынша II кезеңнен тұратын жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Қаланы су басудың алдын алу бойынша жобалаудың екінші кезеңі төрт дербес жұмыс жобасын қамтиды.
Ауқымды жоба аясында Мырғалымсай кен орнының жер асты суларының қазбаларына сүзілу және құламаудың алдын алу үшін «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасына тасқын суларды бұру үшін Хантағы өзенінде су торабы салынады. Сондай-ақ арық жүйесін қалпына келтіру арқылы Кентау қаласындағы микроклиматты ұстап тұру үшін суды төмендету жүйесінің суы ішінара пайдаланылады. Қосымша Кентау және Түркістан қалалары аймақтарын суармалы сумен қамтамасыз ету қарастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі