ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ЗАМАНАУИ ҚОҚЫС ЖӘШІКТЕРІ ҚОЙЫЛУДА

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ЗАМАНАУИ ҚОҚЫС ЖӘШІКТЕРІ ҚОЙЫЛУДА
Кентау қаласында қоқыс жәшіктері жаңартылады. Бүгінгі күні қаладағы халық көп шоғырланатын басты көшелер мен аллеяларға, саябақтар алаңдарына қою жұмыстары басталды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жәшіктер заманауи үлгіге сай ыңғайлы жасалынған. Жаңа қоқыс жәшігі үш бөліктен құралған. Яғни шыны ыдыстары, пластикалық қалдықтар, тұрмыстық заттардың қалдықтары бөлек салынады.
Әрбір қоқыс жәшігіндегі қалдықтарды күн сайын тазалық мекемесі тазалап отырады. Үш бөліктен тұратын қоқыс жәшігінен қалада 200-ін орналастыру, ал қарапайым кіші қоқыс жәшіктен 100-ін қою жоспарланған.
Айта кетейік, қалада қоқыс жәшіктерін орнату және жаңарту мәселесі тұрғындар тарапынан көтеріліп келген. Қала әкімі Рашид Аюпов тұрғындармен кездесуінде бұл мәселені шешу жағы қарастырылып, тиісті шаралар жүзеге асырылатынын атап өткен болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
___