СЕНАТОР ТҮРКІСТАНДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

СЕНАТОР ТҮРКІСТАНДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева Түркістан облысына іссапармен келді. Іссапар барысында Оқушылар сарайында балалар әзірлеген көрмені тамашалап, көпбалалы аналарға арналған «Ісмер ана» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Сонымен қатар «Farab» кітапханасында мүгедектігі бар азаматтармен әлеуметтік қолдау саласындағы өзекті мәселелер және оның шешу жолдары бойынша кездесу өткізді.
Кездесуге облыс әкімінің мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Е.Абдиев, мүгедектігі бар азаматтар және облыстық басқармалар мен осы салаға жауапты мекеме өкілдері қатысты. Еркін форматтағы жүздесуде әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы, инватакси қызметі, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділік, мүгедектік тағайындау, жеке көмекші қызметі ақысы, мүгедектігі бар азаматтарға оқу жеңілдіктері, жұмыспен қамту, міндетті гигиеналық құралдардың жылдық санын көбейту жөнінде мәселелер көтерілді. Көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Сенатор халықпен кездесу барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі