ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА 500-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫНҒА ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІ БЕРІЛМЕК

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА 500-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫНҒА ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІ БЕРІЛМЕК
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үйлерін салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар тұрғын үй салу үшін жер учаскесі бөлінгенімен Заң талаптарына сәйкес, инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер учаскелері табысталмайды. Осы мәселелерді шешу мақсатында Жылға ауылдық округінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылды.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Н.Талипов Жылға ауылдық округі, Жылға елді мекеніне арнайы барып, тұрғын үй салу үшін берілетін жер учаскесі аумағындағы инфрақұрылым жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Аталған елді мекен аумағында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 гектар жердің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырымына 373 дана бағана, төрт дана трансформатор, ұзындығы 6145 метр көшеге шағал төсеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта ауылдық округте жер кезегінде тұрған 454 азаматқа тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімдері беріледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі