ТҮРКІСТАНДА «OPEN TURKISTAN YOUTH» АТТЫ ЖАСТАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА «OPEN TURKISTAN YOUTH» АТТЫ ЖАСТАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ
Түркістанда «OPEN TURKISTAN YOUTH» атты жастар форумы бастау алды. Шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан және Өзбекстан Республикасының жастары, Түркістан облысының белсенді жастары қатысты.
Форумға Өзбекстан Республикасының туризм және мәдениет министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева, Жастар қызметкерлері қауымдастығының бас маманы Тимур Искаков арнайы келіп, құттықтады. Ауыл вайнері, жастар белсендісі Бақыт Жандос, блогер Бағдаулет Жаманқұлов қонақ болды. Жастармен түрлі тақырыпта сұрақ-жауап алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Жастар форумы 6 бағыт бойынша: Білім, Этносаралық қатынас, Экология, Қаржылық сауаттылық, Еңбек идеологиясы, Патриоттық салалар аясында өткізілді.
Білім бағыты бойынша – спикер Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ерасыл Төлебаев болса, этносаралық қатынас бойынша республикалық Чернобыль ардагерлері Кеңесінің Төрағасы Бақытжан Әшірбаев лекция оқыды. Экология тақырыбында Сырдария-Түркістан МӨТП ғылыми қызметкері Ғани Назарбек, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ биология кафедрасының аға оқытушысы Нұрлан Толбаев жастарға дәріс оқыды. Қаржылық сауаттылық бойынша BQM компаниясының негізін қалаушы, жас кәсіпкер, мотиватор Ақжол Талғатұлы, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері Гүлзия Қарсыбай ашық әңгіме өрбітсе, еңбек идеологиясы тақырыбы «OSST-tur» туристік компаниясының атқарушы директоры Төрәлі Сыздықов пен «Dailyfood.kz» тағам желісінің директоры Сангина Абдурахманованың еншісінде болды. Патриоттық бағытта қоғам белсендісі, волонтер Олжас Мамыр спикер болды.
Форум қатысушылары салалы панельдік сессияларға бөлініп, жастар арасындағы ауқымды мәселелерге тоқталып, пікір алмасты. Форумда түйген ойларын жергілікті аймақтарында көтеріп, форум соңында конкурсқа қатысатын болады. Сондай-ақ, барша қатысушы жастарға видео, мобилография және фотография түсіру өнері бойынша «Adilet art school» мектебінің негізін қалаушы Әділет Рахметолла, Сергей Алексеенов мастер-класс сабақтарын өтті.
Атап өтейік, кешке «Open Turkistan Youth» атты жастар форумының қорытынды концерті өтеді.