Түркістан қаласының айналасында құрылған «Азық-түлік белдеуінде» екінші өнімге егілген 259 га сүрлемдік жүгеріден 250 ц/га өнім алу жоспарлануда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың жеке қадағалауымен бүгін «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен егілген екінші өнім жинау жұмыстары басталды. Жиналған жем - шөп қорымен 1 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын және құны 6 млрд. теңгені құрайтын итальяндық технологиямен салынып жатқан «1 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы» инвестициялық жобасы қамтамасыз етіледі.
Инвестициялық жобаға итальяндық «Rota Guido» компаниясымен жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Нысанның бастапқы қаңқасы қаланған. Іші бетондалып, инфрақұрылым жұмысы толық аяқталған. Қажетті жабдықтар Германиядан жеткізілмек. Тәулігіне 30 литр сүт беретін Гольштейн тұқымды сауынды сиырлар Голландиядан әкелінеді. Жобаны 2022 жылдың ақпан айында іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде тұрақты түрде 60 жаңа жұмыс орны ашылып, облыста сүт өндірісінің көлемін арттыруға өз үлесін қосады.
«Осыдан 2,5 жыл бұрын жеке шаруашылықтарды біріктіріп, инвесторлармен қосып, ірі шаруашылықтарды ұйымдастыру мәселесін қолға алдық. Жоба үш бағытта жүзеге асуда. Жеке және қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы оларды техникалық жағынан қамтамасыз етіп, өнімділігін 2-3 есе арттыру көзделген. Жылына бірнеше өнім алып, мал азығын әзірлейді. Жаңбырлатып суару технологиясы ағын су 30 %-ға үнемдейді. Осы тәжірибені облыс бойынша таратып жатырмыз»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына арналған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы - Қазақстандағы ең қолайлы өңір екені белгілі.
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында Түркістан қаласы айналасында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуін құру жобасы жүзеге асырылуда. Негізгі бағыт, заманауи ылғал үнемдеу технологияларын қолдана отырып, бір алқаптан екі-үш өнім алу, еңбек өнімділігін еселеп арттыру болып табылады. Бүгінгі таңға азық-түлік белдеуінде 2 мың гектарға 44 бірлік жаңа технологиялық жаңбырлатып және барабанды суару қондырғылары орнатылды. Жыл соңына дейін қосымша 1 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйелерін енгізіледі.
Тиімді технология дақыл түріне қарай ағын су шығынын азайтумен қатар, өнімділікті 2-3 есеге арттырады. Атап айтқанда, 2019 ж. «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-гі жер көлемі 1 210 га құрайтын 108 шаруа қожалықты біріктіріп, 733 га аумаққа АҚШ-тың «T-L» компаниясының 18 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын орнатты және 26 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Ағымдағы жылы 1 113 га аумақта мал азықтық дақылдары жоңышқа – 350 га, жүгері – 300 га және күздік бидай - 463 га егіліп, күздік бидай 543 тн (10,2 ц/га), жоңышқа 640 тн (10,8 ц/га), жүгеріден 4 000 тн (130,3 ц/га) өнім алынды.
Бұдан бөлек, «TURKISTAN FRUIT» ЖШС-нің құны 3,5 млрд.тг құрайтын «400 гектарға қара өрік отырғызу» жобасын ерекше атап өтуге болады. былтыр «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы мен «DALA FRUIT. KZ» ЖШС-гі бірлескен кәсіпорын «TURKISTAN FRUIT» ЖШС-гі құрылып, Түркістан қаласының әуежай маңынан бос жатқан 400 га жер телімі ресімделді. Түркия елінен 220 мың дана 7 түрлі қара өрік (Formosa, Santa Rosa, Papaz, Can, Climax, Red Heart) көшеттері алынып, отырғызылды. Өнімділігі гектарына 40-50 тн. Израилдік технологиямен сорғы станциясы орнатылып, жер асты тамшылатып суару жүйесі жүргізілген.
Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Жергілікті бюджеттен 1,9 млрд.тг қаржы жоспарланып, 1,3 млрд.тг бөлінді. Бөлінген қаржыға Түркістан магистралді каналынан 11 шақырым құбыр тартылып, 21 дана тік дренажды ұңғыма қазылып, 7 бірлік су жинайтын резервуар салынды. Нысанға 16,2 шақырым электр желісі тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 2,2 млрд.тг несие қаржысы алынды.
Бұл жобаның артықшылығы қара өрік өнімі алынғанға дейін, екінші өнімге 150 га бақша дақылдары (100 га қауын, 50 га қарбыз) егіліп, бүгінгі күнге 4 мың тонна өнім жиналды. Өнімдер республиканың өңірлеріне және Ресей Федерациясы нарығына экспортталды.
Бұдан бөлек, аталған аумақта 2022 жылы сыйымдылығы 40 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Сонымен бірге, 2022-2023 жылдар аралығында жоба құны 107 500,0 млн.тг құрайтын 100 га заманауи жылыжай кешені және құны 1 420,0 млн.тг құрайтын 150 га өрік бауын отырғызу жоспарланды.
Түркістан облысында жалпы егістікті әртараптандыру (мал азығы дақылдары 2,6 мың га артып, 215,4 мың га құрады) жұмыстарының нәтижесінде 4,1 млн.тн мал азығын дайындалды. Бұл облыста мал басына қажеттіліктің 106,0 % қамтамасыз етеді (оның ішінде: жоңышқа-2,0 млн.тн, сабан-195,1 мың.тн, пішендеме-103,2 мың.тн, шөп-1,4 млн.тн, сүрлем-48,7, пая-100,9 мың.тн., сатып алынғаны 245,5 мың тн. ). Жыл соңына дейін 20% артығымен мал азығы дайындалатын болады. Сонымен қатар, Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал, Төлеби Шардара, Отырар аудандарының орман қорындағы жайылым жерін және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жайылымдарын пайдалану туралы ауданаралық меморандумдар түзілді (581 агроқұрылымға 579,4 мың га жайылым жер, шөп шабуға 33 агроқұрылымға 2,3 мың га шабындық жер берілді).
Облыста 69,2 мыңға жуық агроқұрылымдар бар, Республиканың 33 %. Оларда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. Облыста еңбек өнімділігін қарқынды арттыру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану, озық технологияларды өндіріске ендіру жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылдан бастап өңірде «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы кеңінен іске асырылуда. 2020 ж. 1999 жоба (5,2 мың га) жүзеге асырылып қосымша 18,4 млрд.тг өнімі өндірілді, яғни 1 гектардан 2- 2,5 есеге артық өнім алынды. Ағымдағы жылы 8,9 мың гектарға 2878 жоба жүзеге асырылды. Қазіргі таңда, 230 мың тн. көкөніс өнімі жиналып, жұмыстар жалғасуда (1-ші өнім 164 мың тн., 2-ші өнім 60,3 мың тн.).
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі