ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАЙТҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР АЙТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАЙТҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР АЙТЫЛДЫ

Түркістан қаласында қайтыс болған бір отбасы мүшелерінің өлімі ыстан улану нәтижесінде болғаны анықталды. Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, мәйіттерге қарау жүргізу барысында денелерінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Бұл туралы қайғылы оқиғаның себебін анықтап жатқан комиссияның өткізген брифингінде белгілі болды. БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдуғани Сейдуәлиев иіс тиіп қайтыс болған бес адамның денесін отбасының таныстары тапқанын мәлімдеді. Полицияның болжамына сәйкес, қайғылы жағдай әйел жұмыстан келген соң болған.

«Хабарлама 27 ақпан күні кешке 18:12-де түсті. Әйелдің базарда бірге істейтін әріптесі 27-сі күні жұмысқа шықпаған соң іздеп, үйіне баласын жіберген. Баласы үйінде ешкім жоқ деп қайтып келген соң, жұмыстан кейін күйеуін жіберген. Себебі ол жұмысқа келмеген, өздерінің кездесетін жоспары болған екен. Күйеуі үйдің терезесінен іште жарық жанып тұрғанын және әйелдің жатқанын көріп хабарлаған. Болжам бойынша, қайтыс болған жандар 26 ақпанда ұйықтауға үлгермеген. Өйткені шешініп, төсекке де жатпаған. Кешкі уақытта пешті қосып, тамақтанып болған соң қайғылы жағдай болды деп болжап отырмыз. Әрқайсысы әр бөлмеде қимылдап жүріп, осы жағдайға тап болған. Байқамаған. Оқиға шамамен 26 ақпан кешкі сағат жеті-сегіз шамасында болды деп отырмыз. Оның дәл уақытын сараптама анықтайды», – деді Сейдуәлиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

 

Отбасы өз меншігіндегі үш бөлмелі баспанада уақытша тұрып жатқан. Оның жанында үлкен үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

 

Өңірге газ жүргізуге жауапты «ГазТрансГазАймақ» АҚ Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбековтың айтуынша, тұрғын үй табиғи газбен жабдықталған. Ирандық қазандықты орнатылғаны анықталды. Отбасы 2020 жылы техникалық шарт алуға ұсыныс берген. Сол құжаттар негізінде газ пайдалануға рұқсат берілген.

Тексеру кезінде оқиға болған жерде техникалық сипаттамалардың бұзылғаны анықталды. Маманның айтуынша, монтаж жұмыстары техникалық-орындау құжаттарына сәйкес келмейді.

«Монтаждау жұмыстарын газдандырумен айналысатын «Газ құбыры-2050» деген лицензиясы бар мердігер мекемесі жүргізген. Үйге үш газ құбыры кірген. Бірі газ плитасына, бірі «иран» пешіне бағытталған. Газ сигнализаторы жоқ», – деді Шалқар Омарбеков.

Еске салайық, 27 ақпан күні сағат 18:35-те Түркістан облыстың ТЖД-ның «103» қызметінен Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйде көршілері 5 адамның, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 4 баланың мәйітін тауып алғаны туралы хабарлама түсті. Үй ішінде өрт болмаған. Қайғылы жағдайдың себебін анықтау бойынша арнайы комиссия құрылды. Оқиға орнына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барып, оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі