ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Алқалы кеңеске Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар әкімдері – ҚХА төрағалары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА Кеңесінің мүшелері қатысты. Күн тәртібінде Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қарастырылды. Алқалы кеңеске Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және облыс бойынша ҚХА мүшелері онлайн режимде қатысты.
Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы «Бүгін этносаралық қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңінің уақыты келді. 11 қарашада өткен Ассамблея Кеңесінде Елбасы этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс барын баса айтты. Ассамблея Төрағасы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдерістерін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін тапсырды. «Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін –бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға» трансформациялау қажеттілігі белгіленді. Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі.
Биыл қысқа мерзімде еліміздегі этносаралық процестерді басқаруға қатысты әдістемелерді ауыстыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылды. Олар институционалды түрде анықталған сипатқа ие болып отыр. Ассамблеяның барлығы сенім білдіретін жалпы азаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институт ретінде құрылымдық және сапалық тұрғыдан жұмысын қайта бастап жатқан жайы бар. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жақында өткен отырысында біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылы іске асырылуын қорытындылап, жұмыстың алдағы уақыттағы басымдық берілетін бағыттарын айқындадық. Жаңа жағдайларды ескере отырып, бірқатар жаңа жобалар енгізілді, оны тәжірибелік тұрғыдан толық қамту және тереңдету бойынша арнайы Жол картасы әзірленді. Оның негізгі мәні – ұлттың бәсекеге қабілеттілікті арттыру» деп атап өтті.
Еске сала кетсек, 2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында 9 Мәжіліс депутатын сайлау төртінші рет өтеді. 2020 жылғы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы ҚХА сессиясын шақыру туралы тиісті қаулыға қол қойды. Сессия және дауыс беруді өткізу орны ретінде Бейбітшілік және Келісім сарайы белгіленді. Егер Ассамблея мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, сессия шешімі қабылданды деп саналады. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 504 мүшесі бар. Әр сайлаушы – Ассамблея мүшесі – жеке дауыс береді. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп саналады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі