ТҮРКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОТЫРАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОТЫРАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ
 
Кембридж университетінде «Ортағасырлық Орталық Азиядағы урбанизм мен қала тұрақтылығын зерттеудің археологиялық тәсілдері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Түркістандық ғалымдар халықаралық ғылыми конференцияда Отырар мен оңтүстік өңірдегі ортағасырлық қалаларға қатысты археологиялық зерттеулерінің нәтижесін таныстырды.
Басқосуды Кембридж университетінің «King’s College» жанындағы «King’s Silk Roads» бағдарламасы мен «McDonald Institute for Archaeological Research» институты ұйымдастырды. Ғылыми жиында Отырар қаласы мен бүгінгі Түркістан облысының аумағындағы басқа да ортағасырлық қалалар ғылыми зерттеудің негізгі нысаны болды.
Конференцияға Қазақстаннан белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожа, Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың қауымдастырылған профессоры, PhD Бақдәулет Сыздықов, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің оқытушысы, PhD Әли Әлімбекұлы, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Тарих кафедрасының оқытушысы, докторант Шыназ Алмазұлы мен тағы басқа ғалымдар қатысты.
Конференция бағдарламасында Отырар қаласының даму тарихы, Оңтүстік Қазақстанда исламның таралуының алғашқы кезеңдері, Отырар оазисіндегі Қаңлы дәуірі қоныстары, археологиялық картография және қашықтан зондтау, X–XV ғасырлардағы Отырар экономикасы мен сауда байланыстары, жерлеу дәстүрі, су жүйелері, егіншілік пен өсімдік жамылғысы, Күлтөбе қалашығының археологиясы қамтылған. Ғылыми баяндамалар қазақ және ағылшын тілдерінде болды.
Профессор Мұхтар Қожа әріптестерімен бірге «The Discovery of Mihrabs in the Dwellings of Otrar’s Rabad and Questions of the Initial Stage of the Spread of Islam in Southern Kazakhstan» атты зерттеуін ұсынды. Ол баяндамасында 2025 жылы Отырар рабадында жүргізілген археологиялық қазба нәтижесі, тұрғын үйлерден анықталған михрабтар, исламға дейінгі наным-сенімдермен байланысты археологиялық белгілер, қаланың стратиграфиясы және радиокөміртекті зерттеу нәтижелерін айтты. Бұл материалдар Қазақстанда исламның таралуының ерте кезеңдерін археологиялық деректер арқылы нақтылауға мүмкіндік береді.
Бақдәулет Сыздықов Келес аңғарында қалалық мәдениеттің қалыптасу ерекшеліктерін, Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық және пәнаралық зерттеулердің нәтижесін көрсетті. Әли Әлімбекұлы баяндамасында Отырар және Құйрықтөбе археологиялық ескерткіштеріндегі жерлеу орындарының архитектуралық ерекшеліктері мен жерлеу дәстүрлерін талдап, нәтижесін таныстырды. Шыназ Алмазұлы Күлтөбе қалашығындағы археологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары мен нәтижесін таныстырды. Археолог Серік Ақылбек Отырар оазисіндегі Қаңлы кезеңі қоныстарының құрылымы мен олардың кеңістікте орналасу заңдылықтарын талдаған зерттеуін ұсынды.
Ғылыми жиынға Отырар мен Орталық Азияның ортағасырлық қалаларын зерттеп жүрген шетелдік ғалымдар да қатысты. Кембридж университетінің «King’s College» зерттеушісі, археолог доктор Кэти Кэмпбелл Отырардың қалалық даму циклі туралы зерттеуін ұсынды. Сондай-ақ шетелдік ғалымдар археологиялық картография мен қашықтан зондтау, X–XV ғасырлардағы Отырар экономикасы мен сауда байланыстары, егіншілік, су жүйелері және қоршаған орта тарихы туралы баяндамалар жасады.
Қазақстандық ғалымдардың Кембриджге сапары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын, Халықаралық туризм және меймандостық университеті жүзеге асырып жатқан «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Іссапардың негізгі мақсаттарының бірі – Кембридж университетінің кітапханалары мен Британ музейі кітапханасының қорларындағы Қазақстан мен Орталық Азияға ислам дінінің енуі мен таралу тарихына қатысты жазба деректерді, қолжазбалар мен архив материалдарды анықтау және зерделеу. Ғалымдар бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген дереккөздердің ғылыми жоба міндеттерін шешудегі маңызын қарастырды. Түркістан, Отырар және Тараз қалаларындағы тарихи нысандардан алынған зерттеу үлгілерін Кембридж университетінің зертханасына ғылыми-зертханалық талдау жүргізу үшін тапсырды.
Ғалымдар 2025 жылдан бері Отырарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл Отырар қалашығындағы қазба барысында Алтын Орда дәуіріне жатқызылатын мешіт орны, тас төселген көше мен баспалдақ тәрізді құрылымдар анықталып, жерлеу орындары мен түрлі археологиялық жәдігерлер зерттелді.
Бұдан бөлек, профессор Мұхтар Қожа Кембридж университетінде көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесіне сүйеніп, «Абылай ханның қабірінің зерттелуі» тақырыбында арнайы ғылыми баяндама жасады. Сондай-ақ, ол Кембридж университетінің кітапханасына Оразақ Смағұлұлы, Алмагүл Оразаққызы және өзі бірлесіп жазған «Абылай хан» монографиясын, сондай-ақ «Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер» және «Позднесредневековые города и поселения Казахстана» атты ғылыми еңбектерін сыйға тартты.
Іссапар барысында ғалымдар ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаевпен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылыми байланысты дамыту, археология және тарих салаларындағы халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылыми деректермен алмасу және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Кембриджге жасалған іссапар Отырар мен Түркістан облысы аумағындағы ортағасырлық қалалар туралы жинақталған жаңа археологиялық деректерді халықаралық ғылыми ортада талқылауға, шетелдік кітапхана мен архив қорларындағы материалдарды зерттеуге, археологиялық үлгілерді заманауи зертханалық әдістермен талдауға және қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі