«DALA SOUND»: ТҮРКІСТАНДА ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКА МЕН КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕРДІ ТОҒЫСТЫРҒАН ЕРЕКШЕ КОНЦЕРТ ӨТТІ

«DALA SOUND»: ТҮРКІСТАНДА ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКА МЕН КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕРДІ ТОҒЫСТЫРҒАН ЕРЕКШЕ КОНЦЕРТ ӨТТІ
Түркістан төрінде Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен дәстүр мен классика үндестігінен туындаған «DALA SOUND» атты ерекше музыкалық жоба өтті.
Өңірдің мәдени өміріне тың серпін берген концертте филармонияның «Шауғар» этно ансамблі, Камералық оркестрі және филармония әншілері өнер көрсетті.
«DALA SOUND» жобасының басты ерекшелігі – ұлттық музыкалық мұраны заманауи музыкалық бағыттармен және классикалық өнермен сабақтастыра отырып, тың форматта ұсыну. Концерт барысында дәстүрлі әуендер мен классикалық шығармалар жаңа музыкалық үйлесім тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Ұлттық өнердің терең тамырынан нәр алған жоба дәстүрлі музыка мен классикалық оркестрдің мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстырып, тыңдарманға өзгеше музыкалық кеңістік ұсынды.
Айта кетсек, «DALA SOUND» – өңірде бұрын-соңды жүзеге асырылмаған тың бастамалардың бірі. Бұл жоба филармония өнерпаздарының шығармашылық ізденісін, ұлттық өнерді жаңаша форматта насихаттауға деген ұмтылысын айқын көрсетті.
«DALA SOUND» – дәстүрдің дара үнін классиканың көркем сазымен ұштастырып, ұлттық өнердің жаңа тынысын ашқан ерекше музыкалық кеш.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі